Білім

«Арыстан» шақырады

«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қоры» жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Арыстан» лицейін ашты

Қазір елімізде әскерге баратын жастағы балаларды есепке алу, денсаулығын тексеру секілді жыл сайынғы дәстүрлі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Жылдың бір ерекшелігі бар — биыл оқушылар жаңадан ашылған республикалық «Арыстан» лицейінде оқи алады.

«Нұрсұлтан Назарбаевтың білім қорының» қолдауымен ашылған «Арыстан» лицейінде білімді, денсаулығы жақсы, әрі дарынды балалар оқитын болады.

Ақтөбе облыстық қорғаныс департаменті шақыру бөлімінің бастығы Бекжан Бахаевтың айтуынша, мұнда орта мектептің 8-сыныбын бітірген балалар қабылданады. Әсіресе, аз қамтылған отбасындағы дарынды балаларға ерекше басымдық беріледі.

— Қазір біздің балаларымыз шетелдің бірнеше оқу орындарында оқып жатыр. Әсіресе, еліміздің Ресей Федерациясымен арадағы келісіміне орай, сол елдегі әскери оқу орындарында қазақтың қара домалақтары баршылық. Мәселен, Пензаның артиллериялық инженерлік институты, Краснодар жоғары әскери училищесі, Мәскеу қаласындағы әскери университет пен  әскери-әуе инженерлік академиясы, Тверь қаласындағы әскери әуе-космостық қорғаныс академиясы, Краснодар жоғары әскери авиациялық ұшқыштар училищесі мен Санкт-Петербург қаласындағы Можайск атындағы әскери-космостық академияларымен арада келісім-шарттарымыз бар,  — дейді Б.Бахаев.

Жаңадан ашылған «Арыстан» лицейі әскери өнерді тереңдетіп оқытатын, элиталық білім беретін қайырымдылық жобасы болып есептеледі. Оған балаларды іріктеу екі кезеңнен тұрады. Іріктеуді жергілікті жерлердегі қорғаныс департаменттері жүргізеді. Бірінші кезеңі 15-16 наурыз күндері өткізіледі. Одан өткендер екінші кезеңге жолдама алады. Екінші кезең лицейде болады.

— Балалар құлағдар болсын деген ниетпен айтып отырмыз. Әйтпесе, қазір әлде құлқы жоқ па, мүмкін қорқыныштары бар шығар, дұрысы, денсаулығының нашарлығынан болар, әйтеуір әскери оқу орындарына баратын балалар аздау. Ал бізге қазір кадр қажет, — дейді Б.Бахаев.

Оның айтуынша, бұрын әскер жасындағы балалардың арасында үнемі жалпақтабандылық пен скалиоз, яғни омыртқаның қисаюы секілді аурулар көп болатын. Қазіргі балалардың салмағы аз және көздері нашар көреді. Б.Бахаевтың айтуынша, бір күнде медициналық тексеруден өткен балалардың  кемінде алпыс пайызының көздері нашар болып шығады екен. Бұл, оның пікірінше, балалардың компьютердің алдында көп отырғандарынан.

Ал «Арыстан» лицейіне қабылданатын балалардың денсаулығының мықты болуы талап етіледі. Бір жылда бұл оқу орнына 80 адам қабылданады. Оны бітірген балалар жалпы мектеп бағдарламасын тереңдетіп оқыған, ана тілін, кейбір шетел тілдерін толық меңгерген, тереңдетілген әскери және патриоттық дайындықтан өткен азамат боп шығады. Және олар Қорғаныс министрлігінің, басқа да құрылымдық күштердің жоғары оқу орындарына, шет елдегі әскери оқу орындарына жолдама алатын болады.

М.РАХАТҚЫЗЫ.

***

Сардар — қаһарман мамандық

Таяуда майор А.Садыров пәрменгерлік ететін 6655 әскери бөлімінде «Сардар — қаһармандық» акциясы аясында әскери ашық есік күні өтті. Оған жергілікті әкімшіліктердің басшылары, «Нұр Отан», Кіші ассамблея өкілдерімен бірге жоғары сынып оқушылары, кәсіби мектептің шәкірттері, яғни болашақ Отан қорғаушылар қатысты.

Батыс құрама командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, полковник Рашид Ахмеджановтың айтуынша, бұл шараның мақсаты көп:

— Біріншіден, Елбасы Жолдауын халыққа жеткізу, екіншіден, жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беру, үшіншіден, Қазақстан Республикасы Ішкі әскерлерінің әскери институтына үміткерлерді тарту, яғни үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу және бір мақсат — халық арасында ішкі әскер қызметінің даңқы мен абыройын көтеру, — дейді ол.

Полковник Р.Ахмеджанов аталған жайларды жан-жақты қамти келіп, ішкі әскер қызметі жөнінде кең түсінік берді. Қазақстан Республикасы ІІМ Ішкі әскер күштерінің терроризм-экстремизммен күреске арналған және атышулы «Бүркіт» сияқты арнайы бөлімдері бар. Қазақстанның алтын қоры, Өскемендегі қаржы зауыты сияқты аса маңызды нысандарды осы ішкі әскерлердің әскери бөлімдері кірпік қақпай күзетуде. 1997 жылы Петропавл қаласында ашылған ІІМ Ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесі темірдей тәртібімен, мықты кадрларымен өзін мойындатып үлгерген оқу орны. Оқу, жатын орны тегін, дегенмен курсанттарға қойылатын талаптар аз емес. Олардың мектептегі білімі мен денсаулығы ғана емес, отбасы жағдайы мен туыстық қарым-қатынастары, «сотталған адамның болу-болмауы» да жіті есепке алынады. Жалпы, ішкі әскердің жоғары оқу орны ату қаруын пайдалану бойынша инженер, радиотелемеханик инженер, басқару жүйесінің маманы, әскери педагог-психолог, тәрбиеші, тағы да басқа мамандықтар бойынша офицерлер даярлайды. Жылына әрі кеткенде 200-ге тарта адам қабылдайтын оқу орнын 12 жылда 1300 әскери маман бітіріп шыққан. Батыс өңірдегі жастардың алдында патриоттық тәрбие жөнінде әңгіме қозғаған полковник Р.Ахмеджанов тәлім-өнеге боларлықтай жайларға тоқталып өтті.

Бұл күні акцияға шақырылған қонақтар әскери бөлімнің жауынгерлері тұратын казармада, асханада болды. Сарбаздардың тұрмыстық өмірлерімен танысты. Әскери бөлімде өткен шара соңы ішкі әскер мен ішкі әскердің әскери институты туралы бейнефильмге, облыстық филармония мен әскери бөлім көркемөнерпаздары дайындаған концертке ұласты.

Ерболат СҰЛТАНОВ,

капитан.

***

Мәңгілік ерлікті мәртебелеп…

С. Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасында жастарға патриоттық  тәрбие беру мақсатында көптеген шаруалар тындырылып жатыр.  Жеңістің 65 жылдығына орай, Ұлы Отан соғысы  туралы кітаптарды насихаттау арқылы жастарға оның маңыздылығын түсіндіру шаралары ұйымдастырылуда.

Кітапханада қазақстандықтардың майдандағы және тылдағы ерліктерін насихаттауға арналған іс-шаралар жоспары құрылып, сол бойынша жұмыстар атқарылуда.  Жыл басынан бері кітапхананың оқу залында  «Ұлы Жеңіс даңқы мәңгілік» атты кітап көрмесі жұмыс істейді. Көрмедегі кітаптарға үнемі шолулар өткізіліп тұрады.

Жақында  кітапхана қызметкерлері облыстық есту қабілеті бұзылған балалардың арнаулы мектеп-интернатында «Ешкім де ешқашан ұмытылмайды» атты библиографиялық саяхат ұйымдастырды.

Мектеп-интернаттың акт залы оқушыларға толы болды. Кітапханашы Алтынгүл Ермекбаева қаһарман жауынгер, жазушы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығы жөнінде әңгімелеп, кітаптарымен таныстырды.

Оқушылар  ақтөбелік батырларға арналған кітаптар жөнінде де біраз мағлұмат алып, викториналық сұрақтарға жауап берді. Кеңес Одағы Батырларының құрметіне  аталған қала көшелерін, соғыс тақырыбындағы кинофильмдер мен шығармаларды  атап,  аса қызығушылықпен сөзжұмбақтарды шешті.

Мектеп–интернатта жасөспірімдер кітапханасының «Шапағат» қайырымдылық өлкетану бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Шапағат» жасөспірімдер клубы жұмыс жасайды.

Т. Кучер,

С. Жиенбаев атындағы

облыстық жасөспірімдер кітапханасының

әдістеме-библиографиялық бөлімінің

меңгерушісі.

***

Көрме тақырыбы — жеңіс

Дүйсенбіде қалалық «Нұр Отан» ХДП филиалы қолдауымен Қазанғап атындағы балалар өнер мектебінде «Ұлы Жеңіске — 65» атты балалар жұмысының көрмесі ашылды.

Экспозицияға жас суретшілердің шамамен  35 жұмысы қатысты. Соғыс жылдары мен Жеңіс күнін тарих беттерінен оқып, аталарынан естіп қана білетін балалар салған суреттер көрмеге келушілерді бей-жай қалдырмады.

Қазанғап атындағы өнер мектебінің директоры Сәния Аймағамбетова мен «Нұр Отан» ХДП Ақтөбе қалалық филиалының консультанты Салтанат Сабырова балаларға ризашылықтарын білдіріп, дипломдар мен Алғыс хаттар тапсырды. Қатысушылар арасында Гүлназым Жайлаубаева, Гүлзат Мұқанғалиева, Әсел Бекмұратоваға арнайы сыйлықтар табыс етілді.

А.БАЛЖАНАЙ.

***

Сауалыңызды айтыңыз

Ақтөбе облысы соттарының қызметі туралы тұрғындардың пікірін білу үшін облыстық сот пен Ақтөбе қалалық соттарында әлеуметтік сауалнама жүргізілуде. Сауалнамаға қатысушылардың аты-жөндері көрсетілмейді.

Сауалнамаға қатысып, өз пікірін білдіремін деушілер аталмыш соттардың кеңселеріне барып немесе облыстық соттың сенім телефоны 8 (7132) 55-27-97 арқылы хабарласуына болады.

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button